Жұмысшылар тағы да топырақ астында қалып, көз жұмды: Павлодарда үйіндінің астынан екі адамның мәйіті табылды

Автор: Бақыт Шынар

Құтқарушылар үш жұмысшыны аман алып үлгерген

Фото: Павлодар облысының ТЖД

Бүгін Павлодарда жер қазып жатқан кезде топырақ опырылып түсіп, екі жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Оқиға туралы жедел ақпарат «112» пультіне түскен. Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары оқиға орнына тез келген. Опырылған жердің тереңдігі шамамен 6 метр болған.

«Құтқару бөлімшелері келгенге дейін кәсіпорын қызметкерлері бір адамды өздері шығарып алған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар топырақ астынан тағы екі жұмысшыны аоып шықты. Олардың барлығын ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы алғашқы медициналық көмек көрсету үшін тексеріп, кейін жедел жәрдем бригадаларына ауруханаға жеткізу үшін тапсырды. Құтқарушылар үйінді астынан екі адамның мәйітін алып шықты», – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Оқиғаның мән-жайы әзірге толық белгісіз. Қаза тапқан жұмысшылардың қандай мекеме қызметкерлері екені де айтылмаған. Павлодар облысының полициясы адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.

Естеріңізге салайық, 2024 жылы қаңтар айында «Майқайың алтын» АҚ шахтасы маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға құлап кеткен болатын. Олар өрт туралы қоңыраудан кейін шахтаға қарай бара жатқан. Көліктің ішінде үш құтқарушы және бір жүргізуші болған. Көп ұзамай жер астынан екі адамның мәйіті табылды. Ақпан айында құтқару жұмыстары уақытша тоқтап, мамырда қайта жанданды. Қалған екі адамның денесі шілде айында ғана табылған.