«Төрт миллион теңге қарыз алып, жоқ болды»: Шығыс Қазақстанда зейнеткер әйелге іздеу жарияланды

ШҚО-да қомақты сома қарызы бар әйелге іздеу жарияланған

«Төрт миллион теңге қарыз алып, жоқ болды»:  Шығыс Қазақстанда зейнеткер әйелге іздеу жарияланды
Фото: © freepik.com

Шығыс Қазақстан облысында ірі көлемдегі қарызын өтемей жүрген азаматшаға іздеу жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Құзырлы органдардың мәліметінше, 61 жастағы әйел Өскемен қаласының тұрғынына 4 миллион теңгеден астам қаражат қарыз болып, оны қайтарудан жалтарып келген.

Іс жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде қозғалған. Құжат көші-қон қызметіне жолданып, борышкерді іздестіру жұмыстары басталды. Белгілі болғандай, күдікті 2025 жылдың наурыз айынан бері өз міндеттемелерін орындамай, байланыстан бой тасалап жүрген.

Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде әйелдің нақты жүрген жері анықталды. Қазіргі таңда материалдар сот орындаушыларына жолданып, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу тетіктері қарастырылып жатыр.

Полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері өңірде іздеуде жүрген 35-тен астам борышкер анықталған. Сарапшылар мұндай жағдайлар азаматтардың қаржылық жауапкершілігі мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарып отырғанын айтады.