Тұрсын Алагөзовтің қазақстандықтарға паш еткен бір күртесінің құны 34 млн теңге болып шықты
Блогер оның киім-кешегінің бағаларын жазды
Таяуда зәулім сарайын көрсетіп, желіні шулатқан продюсер Баян Алагөзова мен кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзовтің гардеробындағы қымбат бұйымдардың құны белгілі болды. Блогер Анель Абду кәсіпкердің киімдері мен аксессуарларының нарықтағы бағасын жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрсынғали Алагөзовтің Louis Vuitton брендінен алған маржан тастармен көмкерілген, эксклюзивті күртесі 34 млн теңге, тағы бір арнайы тапсырыспен тігілген күртесі 8 млн 245 мың теңге тұрады. Audemars Piguet қолсағаты 16 млн 641 мың теңге, қолсөмкесі 5 млн 742 мың теңге, бұзау терісінен тігілген аяқ киімі 800 мың теңге тұрады.
Айта кетсек, жақында ерлі-зайыптылар 4 гектар аумақты алып жатқан ерекше стильдегі зәулім сарайын көрсеткен болатын. Терезесінен Алматының алып таулары «алақандағыдай» көрініп тұратын нысанның аумағында заманауи жылыжайлар, 8 қанатты киіз үй, балалар ойын алаңы орналасқан.
Тұрсынғали мен Баян Алагөзовтер 2017 жылғы 7 желтоқсанда ресми түрде некелескен. Бүгінде ерлі-зайыптылардың Алиса және Алма есімді ортақ қыздары бар.