«Шашыңызды сипалайды»: Петропавл полициясы велосипедке мініп, қыздарды қорқытқан жас жігітті ұстады (ВИДЕО)
Петропавл тұрғындары оны видеоға түсіріп алып, желіге жариялаған
Петропавлда жаяу жүргіншілер аймағында бір қызға тиісіп, оның мазасын алған 20 жастағы жігітке әкімшілік айыппұл салынды. Әлеуметтік желілердегі жазбаларға назар аударсақ, оның бұл әрекеті бұған дейін де қайталанған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ол жігітті видеоға түсіріп үлгерген бойжеткен оқиғаның қалай болғанын былай деп баяндайды:
«Мына видеодағы жігіт Ленин көшесінің бойымен жүріп, қыздарды қорқытады. Бөксеңізден ұстап, шашыңызды сипалауы мүмкін. Бүгін жұмыстан кейін жалғыз келе жатқанда мені де бір квартал бойы аңдыды. Тек бір қыздар дауыс көтере сөйлегенде ғана қойды», - деп жазған автор.
Оның осы видеосынан кейін қала тұрғындары алаңдап, видеоны желіге кеңінен тарата бастаған.
Жарияланымдардан кейін полиция жедел тексеріс жүргізіп, күдіктінің Қызылжар ауданының 20 жастағы тұрғыны екенін анықтады. Криминалдық полиция оны қысқа уақытта тауып, бөлімшеге жеткізген.
«Тексеру барысында криминалдық полиция қызметкерлері оның жеке басын және орналасқан жерін анықтады. Ол Қызылжар ауданының 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Анықталғандай, кешкі уақытта ол орталық жаяу жүргіншілер көшесінде велосипедпен жүріп, бір қызға қатысты заңға қайшы әрекет жасап, оның тыныштығын бұзып, қорқыныш тудырған», - деп хабарлаған Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті.
Жігітпен профилактика өткізген полиция оның үстінен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырған. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертті. Кейін Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты оған айыппұл салу туралы шешім шығарды.