Қостанайдағы ет комбинатының бастығы шенеуніктермен бірге 3 млрд теңге субсидия ақшасын жымқырған
Сот оны 14 жылға соттады
Қостанай қаласында бірнеше жылға созылған атышулы істің соты аяқталды. Ет өндірісі үшін мемлекет беретін субсидияны жымқырды деген айыппен отызшақты адам ұсталып, олардың 15-і сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу әуел баста бұл қылмыстық «ұйымдасқан қылмыстық топ» деп бағалап, «Beef Export Group» ет комбинатының жетекшісі Александр Пархоменконы осы ұйымдасқан топтың басшысы деп таныған. Бұған келіспеген Александр Пархоменко өзін ақтау үшін сотқа 400 рет талап арыз беріп, үш ай бойы сотта «монолог» оқыған көрінеді.
Дегенмен, бүгін Қаржы мониторинг агенттігі мемлекеттік субсидияларды жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі бойынша үкім шыққанын ресми түрде хабарлады.
«Beef Export Group» ЖШС басшысы Пархоменко жетекшілік еткен қылмыстық топ Ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғаларының қатысуымен, сондай-ақ аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ветеринариялық мамандармен келісу арқылы субсидияларды заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Қаскөйлер ірі қара малды сатып алу және оны қайта өңдеу туралы құжаттарды жалған рәсімдеу арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі түрде субсидия алып отырған. Түскен қаражат тек қағаз жүзіндегі ғана мал үшін төленгендей жазылып, ақпараттық жүйелерге енгеннен кейін қолма-қол ақшаға айналып отырған. Кейін жалған өнім үшін төлем ретінде бақылаудағы ұйымдардың шоттарына қайта аударылған. Осылайша, мемлекетке 3 млрд теңге залал келген», - деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігі.
Тергеу кезінде күдіктілер 107 млн теңгеден астам қаражатты ерікті түрде қайтарып берген көрінеді. Сот Пархоменконы 14 жылға, қылмыстық топтың 14 қатысушысын 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, жалпы құны 3 млрд теңге болатын мүлік, оның ішінде 1,3 млн АҚШ доллары және 700 млн теңге тәркіленген.