Алматыда жыл басынан бері миллионға жуық көлік иесі жол ережесін бұзып, полицияға ұсталған

Соның ішінде 700 адам көлікті удай мас күйінде жүргізген 

Алматыда жыл басынан бері миллионға жуық көлік иесі жол ережесін бұзып, полицияға ұсталған
Фото: t.me/ Kozachkov offside

Жуырдағы ірі жол апатынан кейін Алматы көшелерінде жол ережесін елемей жүре беретін көлік иелері көп ұсталатын болды. Қалалық полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов жол ережесін бұзуға қатысты сұмдық статистиканы жайып салды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында ресми ақпарат берген Қабдулдинов қалада көлік көп болған соң қауіпсіздік басты фактор екенін еске салды. Полиция мен камераның көптігіне қарамастан, 2026 жылдың небары үш айында қалада жол ережесін бұзуға қатысты миллионға жуық факт тіркеліпті. 

«Жыл басынан бері қалада жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты шамамен 850 мың дерегі анықталып, жолы кесілді. Оның ішінде 700-ден астам көлік құралын мас күйде басқару фактісі, 724 – көлік жүргізу құқығынсыз басқару дерегі, сондай-ақ 960 – бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғалардың рөлге қайта отырған жағдайлары тіркелді», - деп жазған ол.