Алматыда ірі супермаркет өртеніп кетті
Ғимарат ішінде әрқайсысы 50 литрлік 3 газ баллоны болған
Алматылық өрт сөндірушілер Наурызбай ауданы Әшімов көшесінде болған ірі өртті бір сағатта өшірді деп хабарлайды қалалық ТЖД-ның баспасөз қызметі.
Оқиға бүгін кешкі сағат алты жарым шамасында болған. Өрт сөндірушілер келгенше ғимараттың шатыры өртеніп кетті. Құтқарушылар ғимаратта адамның жоқ екеніне көз жеткізген соң жалынның көрші үйлерге тарау қаупін жойған. Сондай-ақ, ғимарат ішінен әрқайсысы 50 литрлік үш газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді.
«Өртті сөндіруге 76 адам мен 22 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрт сөндірушілер жалынның көрші үйлер мен мейрамханаға көшуіне жол бермеді. Өрт 59 минутта толықтай сөндірілді», - деді ТЖД-ның баспасөз қызметі.
Өрт 1250 шаршы метр аумақты шарпыған. Мамандар қазір жалынның неден тұтанғанын анықтап жатыр.