Түркістан облысында малшы иесінің 570 қойын сатып жіберген
Келтірілген шығын көлемі 28,5 миллион теңгеден асты

Түркістан облысында бағып жүрген малының бір бөлігін сатып жіберген бақташы ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, отар қойының ішінен 570 бас қойы жоғалғанын хабарлайды. Жәбірленушінің айтуынша, биыл сәуір айында ол малын жергілікті тұрғынға бағуға сеніп тапсырған. Алайда, үш айдан соң малын санағанда бір бөлігі жоқ болып шыққан. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша СДТТБТ-да тіркелді.
«Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, Шардара АПБ полиция қызметкерлері қой ұрлауға қатысы бар бақташыны, яғни Шардара ауданының тұрғынын ұстады. Анықталғандай, күдікті малдың көп бөлігін иемденіп, сатып, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Жалпы, жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 28, 5 миллион теңгеден асты. Қазіргі уақытта бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатпен босатылды. Полиция қызметкерлері істің толық мән-жайын анықтауда», - делінген хабарламада.
Түркістан облысының полицейлері ауылдықтарға қырағы болуды және өз малын бейтаныс адамдарға бақтырмауды ұсынады. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үй малын таңбалап, ен салдыру керек, ал қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтыңыздар.