Атыраудағы «Сарайшық» коммуналдық базарында өрт шықты
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ
Бүгін сағат 14:52-де Атырау қаласы «Нұрсая» мөлтек ауданы, К. Маденова көшесі, 1 «А» мекенжайындағы «Сарайшық» коммуналдық базарының ішінде 50 шаршы метр аумақты қамтитын 3 азық-түлік дүңгіршегі өртенді. Өрт сөндірушілер хабар түскен соң оқиға орнына 6 минут ішінде жеткен.
Атырау облысы ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының хабарлауынша, облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ мамандары өртті сөндіріп, одан әрі таралуына жол бермеді. Өрт сағат 15:15-те басылып, 15:51-де толық өшірілген.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің алдын ала себебі анықталуда.
Еске сала кетейік, «Сарайшық» коммуналдық базары 2016 жылдың 15 маусымында да өртке оранып, азық-түлік бөліміндегі 13 тоңазытқыш пен сөре түгел жанып кеткен болатын. 2017 жылы қалалық әкімдіктің қаржылай қолдауымен базар қайта іске қосылды.