Түрмедегі Қуандық Бишімбаевтың ресми түрде үйленіп алғаны рас па? Адвокаты нақтысын айтты

Автор: Бақыт Шынар

Қуандық БишімбаевСтепногорск қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатыр

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Редакциямызға хабарласқан аноним дереккөз 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев ресми некеге түсіп, заңды некедегі әйелімен кездесуге шығып тұратынын айтты. Бұл ақпараттың рас өтірігін анықтау үшін Azattyq Rýhy редакциясы сотта оның адвокаты болған Ерлан Ғазымжановқа хабарласты.

Біз адвокаттан «Қуандық Бишімбаевтың ресми некеге тұрып, сол некедегі әйелімен ұзақмерзімді кездесуге шығып жүргенін» растауды не жоққа шығаруды сұрадық.

«Бұл ақпаратты жоққа шығарамын», - деді адвокат қысқа жауап бере отырып.

Дегенмен, біз осы мәселеге қатысты комментарий алу үшін Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдадық. 

Естеріңізге салайық, Қуандық Бишімбаев 2023 жылы 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Астанадағы мейрамханада азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрған. Соның салдарынан Нүкенова 9 қараша күні кешке таман көз жұмған. Бишімбаев тура сол күні Астанадағы уақытша қамау изоляторына қамалып, 2024 жылдың көктеміне дейін тергелді. Оның соты 2024 жылғы 27 наурызда басталып, 13 мамыр күні аяқталды. Судья оны 24 жылға бас бостандығынан айырды.