Қазығұртта жеңгесінің атынан онлайн-несие алған қыз ұсталды
Жәбірленушінің бір жылғы қарызы 300 мың теңгеден асқан
Түркістан облысының полицейлері туысының атынан онлайн-несие алған қызды ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірінен шағым түскен. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бейтаныс адам оның атынан 60 000 теңге онлайн-несие алған. Сондай-ақ оның қарызы (банкке қарызы – ред.) бір жыл ішінде 300 000 теңгеден асқан. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді.
Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні ұстады. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің туысы, қайын сіңлісі болып шықты.
«Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленуші 2018 жылдың шілде айында қайынсіңлісінен онлайн-несие алуға өтініш беруге көмек сұраған. Содан күдікті жас қызда жымысқы ой пайда болып, ол жәбірленушінің атынан онлайн-несие рәсімдеп, өтініш банк тарапынан мақұлданған соң ақшаның бір бөлігін иемденгені белгілі болды. Күдікті міндеттемемен босатылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өзіне қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеу керек екенін ескертеді. Әрбір адамды өз банк карталары мен жеке куәлігіне, жалпы құжаттарына ұқыпты болуға шақырды.