Алаяқтар көлік, үй сататын сайттар арқылы адамдарды 25 млн теңгеге алдап кеткен

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырды

Алаяқтар көлік, үй сататын сайттар арқылы адамдарды 25 млн теңгеге алдап кеткен
Фото: istockphoto.com

Шымкентте жыл басынан бері 634 алаяқтық тіркелсе, оның 316-сы онлайн кеңістікте жасалған. Полиция алаяқтықтың ең көп тараған түрлерін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалған банк қызметкерлері немесе құқық қорғау органдары атынан қоңырау шалу

Бұл бойынша 91 дерек тіркелген, келтірілген шығын 303 млн теңгеге жеткен. Алаяқтар «шотыңыз бұғатталады», «шұғыл әрекет етіңіз» деп психологиялық қысым жасайды.

Инвестициялық алаяқтық

«Оңай табыс» уәдесімен 44 дерек тіркеліп, 235 млн теңге шығын келген. Көбіне 40 жастан асқан азаматтар алданады.

Интернет-дүкендердегі алдын ала төлем алаяқтығы

OLX, Krisha.kz, Kolesa.kz, TikTok платформаларында жиі кездеседі. 150 дерек тіркеліп, 25 млн теңге шығын келтірілген. Негізінен жастар зардап шегеді.

WhatsApp арқылы жалған сілтемелер тарату

Жәбірленуші сілтемеге өтіп, код енгізгеннен кейін аккаунты бұзылып, таныстарының атынан ақша сұралады.

Жалған қызметтер ұсыну

Мысалы, жүргізуші куәлігін «емтихансыз» жасап беру. Алаяқтар жалған пікірлер мен құжаттарды көрсетіп, алдын ала төлем алған соң жоғалып кетеді.

Жасанды интеллект арқылы алдау

Дауыс көшіру, фото және видео монтаж арқылы сенімге кіріп, «табыс табу» туралы жалған жарнамалар таратады.

Жеке деректерді пайдаланып жасалатын алаяқтық

Адамның аты-жөні, ЖСН, туыстары туралы ақпаратты қолданып, «жол апаты», «қамауда отыр» деген сылтаумен ақша талап етеді.

Мамандардың айтуынша, алаяқтық тек қаржылық емес, психологиялық зардап та әкеледі. Кейбір азаматтар несие алып, тіпті мүлкін сатып жіберуге дейін барады.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырды. Ешкімге банк деректері мен SMS-кодтарды ешкімге бермеу керек, күмәнді сілтемелерге өтпеу және асығыс шешім қабылдамау қажет.