«10-15 жыл «емделіп» жата береді екен»: Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті психиатриялық ауруханаға жатқызылды
Тергеу амалдарының жүріп жатқанына үш ай болды
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тың деректер белгілі болды. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, қазіргі уақытта күдікті Талғар қаласындағы мамандандырылған мекемеде жатыр. Қайтыс болған бойжеткеннің туыстары «айыпталушы психикалық ауытқуын алға тартып, жазадан құтылып кетуі мүмкін» деп қауіптенеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «7 арнаға» сілтеме жасап.
Сұлтан Серікбайдың сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін Шымкент пен Алматы қалаларында бірнеше сараптама жүргізілген. Жәбірленуші тарап Нұрайға шабуыл жасаған ер адам сол сәтте есін білгенін және өз әрекетіне толық жауап бере алатын жағдайда болғанын айтады.
«Бұл процестің қашан бітері бір Құдайға аян. Менің естуімше, олар онда 10-15 жыл, тіпті одан да көп уақыт еш қиындықсыз «емделіп» жата береді екен. Осылайша қылмыскер жазадан жалтаруы мүмкін. Біз бұл істің тезірек аяқталып, кінәлі адамның заң алдында толық жауап бергенін қалаймыз», - деді марқұмның ағасы.
Тергеу амалдарының жүріп жатқанына үш ай болды. Қазіргі уақытта адвокаттар шешуші сараптама қорытындысын күтіп отыр.
«Тергеу құпиялығына байланысты барлық жайтты жариялай алмаймыз. Алайда тергеудің жүріп жатқанына үш ай болғанын және бірнеше сараптама тағайындалғанын айта кетейін. Оның ішінде күдіктінің өз іс-әрекетіне есеп бере алу қабілетін анықтау да бар. Тексеру әлі де жалғасуда, нақты қорытынды шыққан жоқ», - деді адвокат Аянхан Омаров.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 11 қаңтар күні Шымкентте болған. Қала тұрғыны Нұрай Серікбай пышақ жарақаттарынан қаза тапқан. Қылмысқа дейін күдіктінің марқұмды ұзақ уақыт бойы қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені белгілі болды. Қыздың ата-анасы полицияға бірнеше рет арызданғанымен, ол кезде қылмыстық іс қозғалмаған.
Оқиғадан кейін 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл іс бойынша құқық қорғау органдарының әрекетіне жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.
Тексеру нәтижесінде Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, бірқатар полиция қызметкеріне салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдіктіге қатысты қылмыстық іс қайта сараланып, бірден үш ауыр бап бойынша айып тағылды.
Тергеу мәліметінше, қылмыс «аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» ретінде бағаланып отыр. Бұл бапта 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы - аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру, 125-1-бап-некеге мәжбүрлеу және 115-1-бап - сталкинг бойынша айып тағылды.