«Нұрайдың күйін кеше жаздаған»: Өскеменде жас жігіт 16 жастағы «сүйіктісін» пышақтап кеткен

 Дәрігерлердің арқасында қыз аман қалды

«Нұрайдың күйін кеше жаздаған»: Өскеменде жас жігіт 16 жастағы «сүйіктісін» пышақтап кеткен
Иллюстративті фото: Астана әкімдігі

Өскемендегі дәрігер-хирург Қуаныш Жүнісов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында ауыр жараланған 16 жастағы қыздың тағдырын баяндап, жазба жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, таңғы алтыда оған қоңырау шалған кезекші бөлім жағдайдың өте қиын екенін баяндаған.

«Таңғы сағат 06.00-дағы қоңырау. Ауруханаға өте ауыр жараланған қыз баланы әкеле жатыр еді. Өзі кәмелет жасына толмаған. Іші мен сол қолы пышақталған. Пышақтың үлкен болғаны сонша, омыртқасын тесіп жіберген», - деп жазған дәрігер.

Осы оқиғаны біле сала редакция Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментінен ресми комментарий сұраған еді. Баспасөз қызметі қызды жаралаған күдіктінің ұсталғанын және оқиға 7 ақпан күні болғанын жазған.

Редакцияның қосымша сұрақтарына жауап берген баспасөз қызметі 16 жастағы қызды пышақтаған 22 жастағы жігіті екенін растады. Қазір күдікті уақытша қамау изоляторында отыр.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды оған ғашық болып жүрген жігіт аңдып тұрып, пышақтап кеткен. Өкінішке қарай, Нұрай сол жерде жан тапсырған.