Халықтың ең жақсы көретін мерекесі анықталды - зерттеу

Наурыз мерекесін тойлайтындар Жаңа жылды тойлайтындардан көп 

Халықтың ең жақсы көретін мерекесі анықталды - зерттеу
Фото: gov.kz

Қазақстандағы ең танымал мереке анықталды, ол – Жыл басы - Әр Наурыз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген ауқымды әлеуметтік зерттеу мейрамның халық өміріндегі айрықша орнын айқындап берді.

Зерттеу қорытындысы бойынша халықтың мерекеге деген ықыласы өте жоғары. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 94 пайызы Наурыздың мән-мағынасын жақсы біледі, 87,6 пайызы бұл мейрамды жыл сайын тұрақты түрде атап өтеді, 89,6 пайызы Наурызды ерекше қуанышпен және рухани дайындықпен қарсы алады.

Ерекше атап өтерлік жайт, Наурыз мейрамы танымалдылығы жағынан тіпті Жаңа жылды да басып озған. Қазақстандықтар үшін Наурыз - табиғаттың түлеуі, ұрпақтар сабақтастығы және жаңарудың белгісі. Сауалнамаға қатысушылар бұл күнді ұлттық болмысты айқындайтын және елді бір арнаға тоғыстыратын біріктіруші күш ретінде бағалайды.

Аймақтық ерекшеліктерге қарамастан (мерекелеу көрсеткіші өңірлерде 63,3%-дан 100%-ға дейін), Наурыз бүкіл ел аумағын ортақ мәдени кеңістікке айналдырып отыр.

Қазіргі таңда халық мерекені тек ойын-сауық деп қабылдамай, оның мазмұндық сапасына мән бере бастаған. Сауалнама нәтижелері келесі бағыттарға деген сұранысты көрсетті:

Отбасылық құндылықтар: Респонденттердің 10,3%-ы жанұя бірлігін нығайтатын шараларды қолдайды.

Жастар саясаты: 7,6%-ы өскелең ұрпаққа арналған танымдық бағдарламаларды қалайды.

Экология: 5,5%-ы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі істердің мереке аясында өткенін құптайды.

Айта кетсек, Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Мемлекеттік мерекелер символдық саясат құралы ретінде» атты кешенді әлеуметтанулық зерттеуіне еліміздің түкпір-түкпірінен 3 000 адам қатысып, 25 сарапшының пікірі ескерілген және 20 фокус-топтық талқылау ұйымдастырылған.