$ 491.59  572.16  6.24
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодар облысында зейнеткер 5 млн теңгесін алаяқтың қолына ұстата жаздаған

Оны банк менеджерлері тоқтатқан 

Павлодар облысында зейнеткер 5 млн теңгесін алаяқтың қолына ұстата жаздаған
Фото: iStockphoto

Оқиға қала тұрғынына белгісіз тұлғалардың қоңырау шалуынан басталған. Алаяқтар өздерін «домофон қызметінің маманы» ретінде таныстырып, құрылғыны жаңарту үшін телефонға келген СМС-кодты айтуды сұраған. Кодты алған соң қылмыскерлер әйелдің жеке деректеріне қол жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Артынша зейнеткерге екінші тарап хабарласып, өздерін «Қаржылық мониторинг агенттігі» және «құқық қорғау органдарының» қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар: «Сіздің деректеріңіз ұрланды, қылмыскерлерді ұстау үшін шоттағы ақшаны шұғыл шешіп алу қажет», - деп сендірген.

Алаяқтардың нұсқауымен әйел екі банк бөлімшесіне барып, қаражатты қолма-қол шешіп, несие рәсімдемек болған. Бірінші банкте зейнеткер ақша шешу әрекетін жасаған. Екінші банкке келген кезде менеджерлер клиенттің әрекетінен алаяқтық белгілерін байқап, дереу полицияға хабар берген.

Тәртіп сақшылары азаматтарға мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ешқашан мынадай талаптар қоймайтынын ескертеді:

  • Телефон арқылы СМС-кодтарды сұрау;
  • Шоттағы ақшаны шешіп алуды немесе басқа шотқа аударуды талап ету;
  • Несие рәсімдеуге мәжбүрлеу.

Зейнеткер өз қаражатын аман алып қалған мамандарға алғысын білдірді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.