Қол-аяғы көгеріп, әбден қиналған: Дубайда жарысқа қатысқан қазақ қызы қандай қиындықтан өткенін көрсетті (ВИДЕО)
Балнұр Қиялбековаға әлеуметтік желідегілер қолдау көрсетіп жатыр
Жамбыл облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Балнұр Қиялбекова жараланған денесінің видеосын жариялап, көпшіліктің қолдауына ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Балнұр Қиялбекова Дубайда өткен UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінде бірінші орын алған «Томирис» әйелдер құрамасының мүшесі. Жарыс кезінде алған жарақаттарынан оның аяғы ісіп, көгерген, алақаны ойылып, денесінің әр жері жырылған. Аға инспектор жеңіске жетудің оңай емесін көрсетті.
«Dubai SWAT Challenge 2026. Жеңістің артында қалған кадрлар. Бұл - менің үлкен арманымның орындалуы. Күн мен түн төгілген еңбек, төзім мен сенім ақталды. Ең бастысы - еңбегіміз елеусіз қалмай, Президентіміз тарапынан жоғары бағаланды. Бұл жеңіс - тек менікі емес, бүкіл командамыз бен еліміз үшін!», - деп жазды ол.
Еске салайық, «Томирис» командасы турнирде үздік шықты. Жалпы командалық есепте олар 18-орынды иеленіп, бірнеше ерлер бөлімшелерін артта қалдырды. Турнирге 48 елден 109 команда қатысты. Халықаралық арнайы жасақтардың жарысы жетінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.