Павлодарда үш жасар қыз өз көзіне өзі қайшы сұғып алған
Дәрігерлер ғажап дүние жасап, баланың көзін аман алып қалған
Палводар қаласында оқыс оқиға орын алды: қайшымен ойнап жүрген үш жасар қыз абайсызда өз көзіне өзі қайшы сұғып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті Pavon.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, дәрігерлер балаға шұғыл түрде өте ауыр операция жасап, көз жанарын аман алып қалған
«Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері айтқандай, баланың жарақаты өте ауыр болған. Қайшы көзінің мөлдір қабағын жаралап, ішкі органдарын жаралап кеткен. Сондықтан, бір минутты да жоғалтуға болмайтын еді», - дейді дәрігерлер.
Дереккөзге сүйенсек, баланың ата-анасы басында ауыр жарақатты байқамаған. Бірақ, қыз баланың көзі жасауырап, ісіп кеткен. Сондықтан, қыздың әке-шешесі оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізген.
«Дәрігерлер баланың көзін аман алып қалу үшін тәуекелге барып, өте күрделі отаға кіріскен. Бір топ офтальмологтер тез арада әрекет етіп, оның жанарына ауыр ота жасады. Абырой болғанда, ота сәтті өтіп, баланың жанары да, көзінің сырты да аман қалды», - деп жазады дереккөз.
Қазір қыз бала үйіне шыққан. Ал, дәрігерлер ата-аналарға үндеу жасап, үйде балалардың қолына қауіпті бұйымдар бермеу керек екенін ескеркен.