«Ең ауыр жаза – 10 жыл»: Шымкентте қаржы пирамидасын құрған әйелдер жаппай сотталды
Он әйелдің жетеуі жазасын кейін өтейтін болды
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қаржы пирамидасын құрған әйелдердің ісін қарады. Сотталған он адамның арасында біреуі қылмыс жасаған кезде кәмелет жасына толмағандықтан, істі кәмелетке толмағандардың соты қараған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бұл резонансты істі Қаржы мониторинг агенттігі былтыр әшкере еткен. Шымкентте бірнеше әйел «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының атын жамылып, инвестициялық компания аштық деген желеумен салымшылардан аса ірі көлемде ақша жинаған.
Бұл ақшаға олар екі қымбат көлік («Tank 500», «BMW X5»), тұрғын үй және коммерциялық нысан (мейрамхана) сатып алған. Бұл мүліктерді ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында туыстарының атына рәсімдеген.
Шымкент сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, он адамға қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру, оған басшылық ету (ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігі 2)-тармағы), қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру (жылыстату) (КҚ-нің 218-бабы 3-бөлігі 3)-тармағы), куәні жалған айғақтар беру мақсатында параға сатып алу (ҚК-нің 422-бабы 1-бөлігі) және пирамиданың жұмысына көмектесу баптары бойынша айып тағылған.
«Сотталушы Қ. 2024-2025 жылдар аралығында аса ірі мөлшерде қаржыны тарта отырып қаржылық пирадимиданы құру және оған басшылық ету мақсатында, өзінің жобасын әлеуметтік желілерде жарнамалап, алған ақшаны жоғары пайызбен қайтаратынын айтып, аударым жасату және қолма-қол алу жолымен аса ірі мөлшерде 600 млн. теңгеден аса ақша қаражаттарын тартқан. Оған қоса қылмыстық жауапкершіліктен жалтару және тергеуді бүркемелу мақсатында куә А.-ның жалған айғақ беруі үшін оның есеп шотына үшінші тұлғалардың атынан ақша аударған. Қалған тоғыз сотталушы қаржы пирамидасының қызметі нәтижелі жүзеге асыру мақсатында салымшыларға банктік реквизиттерді ұсынып және банктік чектерді қабылдап, пирамиданың жұмыс жасауына өз үлесін қоса отырып, пирамида ұйымдастырушысына белсенді жәрдемдескен», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденген. Прокурор олардың бәрін жеті жылға соттап, балалары бар болғандықтан, жазасын өтеуді кейінге қалдыруды сұраған.
«Сот жаза тағайындау барысында жеті сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде жасөспірім балалары болуын таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот Қаржы пирамидасын құрған әйелді кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде, жазасын өтеуін 1 жыл мерзімге кейінге қалдырды», - деп жазады соттың баспасөз қызметі.
Ал, қалған тоғыз адам 3 жылдан 7 жыл аралығында бас бостандықтарынан айырылған. Соның ішінде, алты әйелдің жас балалары болғандықтан, жазаларын 3 жылдан кейін өтейтін болды. Сонымен қатар, қылмысты кәмелет жасына толмаған кезде жасаған адам шартты жаза арқалады.