Қостанайда жүкті келіншек көлігіне бензин құйған жанармай бекетін сотқа беріп, жеңіп шықты
Жанармай бекетінің қызметкерлері әйелдің үстіне бензин төгіп алған
Қостанай қалалық соты ерекше істі қарап, оның нүктесін қойды: жүкті әйел көлігіне бензин құюға келіп, ыңғайсыз жағдайға тап болған. Сондықтан, ол жанармай бекетін сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды
Қостанай соттарының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың қазанында жанармай бекетіне жүкті әйел келіп тоқтаған. Көлігінде жас балалалары бар келіншек 12 жастағы ұлын кассаға жіберіп, бензиннің ақысын төлеткен. Жанармай бекетінің қызметкері жүкті әйел көлігінен шыға бергенде бензинді ерте құйып жіберіп, жанармай әйелдің сырт киіміне, үстіне және көлігіне төгіліп кеткен.
Әйел бензиннің иісінен өзін нашар сезіне бастаған соң оқиға орнына жедел жәрдем келіп, әйел жеңіл түрде уланғанын анықтаған. Перзентхана дәрігерлері де улану дерегі бар екенін айтып, анықтама берген.
Осылардың негізінде жүкті әйел жанармай құю бекетін сотқа беріп, жеңіп шықты. Бірақ сот талап қойып отырған келіншек жанармай құю бекетінің ережесін бұзды деген де байламға келді. Өйткені, ереже бойынша бірінші көлікке пистолет қойып, кейін ақшасы төленуі керек еді.
Бірақ, әйелдің жүкті екенін және уланғанын ескеріп сот жанармай бекетін 300 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.