«Бірі - АҚШ, екіншісі Украина азаматы»: ҚМА Қазақстанда казино ашқан екі азаматқа іздеу жариялады (ВИДЕО)
Олар Қазақстанда заңсыз онлайн казино ашқан
Қазақстан Республикасының Қаржы мониторинг агенттігі 1970 жылғы 27 маусымда туған, Америка Құрама Штаттарының азаматы Дмитры Дружинскы мен 1985 жылғы 8 қарашада туған, Украина азаматы Марина Левковичке (Гинзбург) іздеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот оларға сырттай «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын бекіткен. Олар Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген екен.
«Тергеу барысында «PIN-UP» және «PINCO» брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казино қызметін шетелден әрекет еткені, байланысы бар компаниялар желісі арқылы ұйымдастырған адамдар тобы басқарғаны анықталды. Д.Дружинскы мен М.Левкович координаторлық функцияларды атқарып, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен өзара әрекеттесумен, сондай-ақ ақша қабылдау мен шығару процесін қамтамасыз еткен төлем инфрақұрылымын құру және оның жұмыс істеуіне қатысқан», - деп хабарлайды ҚМА.
Заңсыз қызметті бүркемелеу мақсатында олар «PIN-UP.KZ» брендімен букмекерлік қызме үшін мемлекеттік лицензия алған «Бонами» ЖШС заңды тұлғасын құрған.
«Қаржылық сүйемелдеу үшін онлайн-казиноның төлем агрегаторлары функцияларын атқарған «Gold Pay» ЖШС және «Cyber Pay» ЖШС (кейіннен — «Pinnacle Financial Solutions» ЖШС) қоса алғанда, төлем ұйымдарының желісі тіркелді. Онлайн-казино клиенттерінен түскен қаражат транзиттік шоттарда жинақталып, кейін электрондық ақша операцияларына лицензиясы бар байланысы компаниялар арқылы криптовалютаға айналып отырған», - деп хабарлайды ҚМА.