$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.07.2020, 16:57
Оқиғалар

Алматы облысында шомылу маусымы басталғалы бері 4 кішкентай бала суға кетті

Құтқарушылар 19 адамды құтқарған

Алматы облысында шомылу маусымы басталғалы бері 4 кішкентай бала суға кетті
Алматы облыстық ТЖД

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті суға шомылу маусымы басталғалы бері қайғылы оқиғалардың жиілегенін хабарлады. Биылдың өзінде 8 адам суға кетіп қайтыс болса, олардың төртеуі кішкентай бала екен.

Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың болуына алкогольді ішімдік ішу, өз күшін бағаламау және ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы себеп болады.

Соңғы бір аптаның өзінде Алматы облысында үш адам тілсіз жау құрбаны болды. Олардың екеуі – кішкентай бала.

3 шілде күні Еңбекшіқазақ ауданында, Үлкен Алматы каналында достарымен демалыста болған 2005 жылғы жасөспірім суға батып кетті. Ұл баланың мәйітін құтқарушылар екі тәулік бойы іздеген. ТЖД аталған каналдың шомылуға арналмағанын айтады.

«5 шілде күні Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылының маңындағы "Заготскот-2" тоғанынан құтқарушылар 2010 жылы туған қыздың мәйітін тауып, судан алып шықты. Оның 2008 жылы туған әпкесі де суға ағып кеткен, алайда, куәгерлер оны құтқарып қала алды. Сол күні Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауында достарымен демалу кезінде жабдықталмаған жерде 1989 жылы туған ер адам суға батып кетті», - делінген облыстық ТЖД таратқан хабарламада..

Алматы облысы ТЖД судағы қауіпсіздік ережелері тағы да естеріңізге салады:

  • арнайы рұқсаты және құтқару қызметі бар жабдықталған жағажайларда және басқа да шомылуға арналған орындарда ғана шомылыңыз;
  • жүзе білмей, белден жоғары суға кірмеңіз;
  • суға шомылу кезінде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыздар;
  • жағалаудан алысқа, қалтқылар мен қоршау белгілерінің ары жүзбеңіз;
  • жүзе білмесеңіз, жүзу үшін шеңберді, үрлемелі матрастарды пайдаланбаңыз;
  • қайықтан, көпірден және айлақтардан суға секірмеңіз;
  • тым ұзақ шомылмаңыз, қатты тоңып қалуыңыз және шаршауыңыз мүмкін;
  • түнгі уақытта және мас күйде шомылмаңыз;
  • балаларды бір минутқа да қараусыз қалдырмаңыз.

Осы ережелерді сақтау Сізге және Сіздің балаларыңызға судағы қайғылы жағдайлардан аулақ болуға көмектеседі.

Серіктес жаңалықтары