Жаркентте аяусыз соққыға жығылған сәбидің анасы әлі ата-ана құқығынан айырылған жоқ
Шешімді сот қабылдайды
Жаркентте туған баласын байлап қойып, аяусыз ұрып-соққан ана мен оның әкесі әлі ата-ана құқығынан айырылған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін, кейбір ақпарат құралдары олардың ата-ана құқығынан айырылғаны туралы жазған еді.
Білім беру министрлігінің Бала құқықтарын қорғау комитетінің мәлімдеуінше, қамқорлық және қорғаншылық органдары ата-аналық құқықтан айыру мәселесін қарастырып жатыр, түпкілікті шешімді сот қыбалдайды.
Еске салсақ, әлеуметтік желіге тараған видеода әйел баласын батареяға байлап қойып, ұрып-тепкілеген, ал әкесі ара түспеген. Қоғамдық резонанстан кейін әйелдің ұсталғаны мәлім болды.
Балалар қазіргі уақытта қауіпсіз жерге орналастырылған. Жәбірленген балаға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Балалардың жағдайы тұрақты, оларға психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр.