Атырау маңында жеке тұрғын үйде үш адам көз жұмды
Трагедияға табиғи газбен жұмыс істейтін жылыту пешіндегі ақау себеп болған
Атырау қаласының маңында табиғи газдан улану салдарынан үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, қайғылы оқиға 28 желтоқсанда сағат 13:40 шамасында Томарлы ауылында орналасқан жеке тұрғын үйде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша трагедияға табиғи газбен жұмыс істейтін жылыту пешіндегі ақау себеп болған.
Үйде 1958 жылы туған ерлі-зайыпты және 1953 жылы туған ер адам болған. Үшеуі де жедел қызметтер келгенге дейін көз жұмған.
Оқиға орнына ТЖД бөлімшелері барды. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы Зашаған кентінде анасы мен бес баласы газдан уланып, ауруханаға түсті.