Өскеменде көпқабатты үйден секірген 13 жастағы жасөспірім тірі қалды
Оған шұғыл түрде ота жасалды
Өскеменде жасөспірім көпқабатты үйден секіріп кеткен. Оқиға салдарынан бала ауыр жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға түсті және операция жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Өскемен қаласындағы Славский атындағы жағалау ауданында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, 13 жастағы жасөспірім көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен секіріп кеткен. Ол тірі қалып, жедел жәрдем көлігімен медициналық мекемеге жеткізілді.
Өскемен қалалық полиция басқармасының мәліметінше, аталған факті бойынша Ертіс полиция бөлімінде кәмелетке толмағанның өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасауы дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталған. Жасөспірім 2012 жылы туған.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі тергеу аясында барлық қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр», – делінген ресми хабарламада.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.