Сантехник, электрик, механик, слесарь мамандығының болашағы қандай: сарапшы пікірі
Астанадағы колледжде Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект зертханасы ашылады
Жұмысшы мамандықтар болашақта түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты іс-шара барысында жасанды интеллект сарапшысы Олжас Әбішев тілшімізге пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» дегенде біз сантехник, электрик сияқты дәстүрлі кәсіптерді атаймыз. Бірақ болашақта бұл мамандықтар жасанды интеллекттің дамуына байланысты түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Жұмысшы мамандықтар жойылмайды, керісінше, дамыған, жаңа форматтағы кәсіпке айналады. Мемлекет басшысы алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды жасанды интеллект экономиканың барлық саласына енгізілген дамыған елдердің қатарына қосуды мақсат етіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін біз колледждерде, жоғары оқу орындарында, тіпті мектеп деңгейінен бастап оқушыларды дайындауымыз керек. Олар болашақта қай салада жұмыс істесе, сол салада жасанды интеллектіні қалай қолданатынын, мамандығы қалай трансформацияланатынын түсінуі тиіс. Жасанды интеллект адамдардың жұмысын тартып алмайды, алайда мамандықтардың мазмұнын толық өзгертеді. Сондықтан біз қазірден бастап оқушыларды еңбек нарығына бейімдеуіміз керек. Олар оқу бітіргеннен кейін Қазақстанда ғана емес, жаһандық экономикада сұранысқа ие маман болуы тиіс. Бұл жолда жасанды интеллект ең тиімді құрал болады деп есептеймін», - деді ол.
Сарапшының айтуынша, жасанды интеллектті оқу бағдарламасына енгізу жұмыстары басталып кеткен және қысқа уақыт ішінде оң нәтиже байқалған.
«Бүгінде Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық колледжде жасанды интеллектіні оқу бағдарламасына енгіздік, шамамен төрт ай өтті. Аз уақыт өтсе де жемісін көріп отырмыз. Қазан айының басында Ақтау қаласында өткен TurkicSkills халықаралық жарысында студентіміздің екінші орынды жеңіп алды. Жарыс барысында студенттер жасанды интеллект көмегімен велосипедтің қай жері бұзылғанын табатын жүйе жасады. Әдетте механик маман жөндейтін велосипедтің ақауын жасанды интеллектпен тапты. Бұған дейін ешқандай жарысқа қатыспаған, жүлде алмаған студентіміз бірнеше елдің жастарын басып озып, күміс жүлдегер атанды»,-деді ол.
Спикер орта кәсіптік білім алып жүрген студенттерге болашақта сұранысқа ие болу үшін бір ғана мамандықты игеру жеткіліксіз екенін атап өтті. Қосымша дағдылар, цифрлық құзыреттер болуы керек.
Сонымен қатар, Олжас Әбішев Қазақстанда алғаш рет колледжде жасанды интеллект зертханасын ашу жоспарланып отырғанын хабарлады.
«Осы мақсатта біз Қазақстанда алғаш рет Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық колледждің базасында жасанды интеллект зертханасын іске қосқалы отырмыз. Барлық құжаттар рәсімделіп, меморандумға қол қойылды. Алдағы бір-екі аптада зертхана ашылады. 56 халықаралық бағдарлама колледждегі барлық мамандықтарға кезең-кезеңімен енгізіледі», - деді маман.
Сарапшы жасанды интеллекттің артықшылығын атап өтті.
«Жасанды интеллекттің ең басты артықшылығы – барлық мамандыққа ортақ болуы. Мұғалім де, сантехник те, жүргізуші де, слесарь да болашақта цифрлық трансформациядан өтеді. Бірде-бір мамандық жасанды интеллекттен тыс қалмайды. Сондықтан болашағымызға бүгіннен бастап дайындалуымыз керек», - деді ол.