Семей мен Өскемендегі ЖЭО-ларды Ресей қаржыландыруы мүмкін
Әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ
Ресей Семей мен Өскемен қалаларында салынатын жылу электр станцияларының құрылысын қаржыландыруы мүмкін. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір Семей мен Өскеменде ЖЭО салу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр, соның ішінде қаржыландыру мәселесі де бар.
«Қаржыландырудың түрлі көздері – жеке қаржыландыру да, үкіметаралық келісім аясында Ресей тарапы ұсынған ресейлік қаржыландыру да қарастырылып жатыр. Қазір ресейлік тараппен қаржыландырудың түпкілікті шарттарын талқылап жатырмыз, әзірге қаржы қай көзден болатыны туралы нақты шешім қабылданған жоқ», - деді Мақсұтов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қаржыландыру көзі анықталған соң, ЖЭО салатын әлеуетті мердігерлер таңдалады. Оған ресейлік тарап та, халықаралық консорциумдар да қатыса алады, деді басқарма төрағасы.
Мақсұтовтың айтуынша, Семей мен Өскемен ЖЭО-ларының құрылысын 2029 жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарланып отыр.