Үкімет СҚО-дағы су бөгетін қайта жөндеуге 1,4 млрд теңге бөлді
Қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған
                        Үкімет 2024 жылғы су тасқыны кезінде бүлінген бөгетті қайта жөндеу үшін 1,4 млрд теңге жұмсайтын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Тепличное ауылындағы қорғаныс бөгетін реконструкциялауға Үкімет резервінен шамамен 1,4 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды», - деп хабарлайды үкімет.
Бұл ақшаға бөгет қана жөнделмей, маңайындағы жолдар қайта жаңарып, бөгеттің айналасы абаттандырылмақ.
«Үкімет елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмыстарын жүргізуде. Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректері бойынша алты өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және салу бойынша 57 жоба, оның ішінде 13 жаңа нысан құрылысы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 57 нысанның 40-ы аяқталды, 221 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды, бұл жұмыстың 91% құрайды», - деп хабарлайды үкімет.