Енді санитарлық қызмет мектеп асханаларын күні бұрын ескертпей, аяқ астынан тексере алады
Ал медбикелер тамақ сапасын тексереді

Биылғы оқу жылынан бастап санитарлық қызмет мамандары мектеп асханаларына аяқ асты тексеріс жүргізе алады. Кәсіпкерлерге күні бұрын хабар берудің қажеті болмайды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп оқушылардың тамақтану мәселесін қатаң бақылауға алған.
«Жаңалықтардың бірі – бұрын мектептердегі медбикелер тамақтану мәселесіне араласпайтын, ал биыл денсаулық сақтау министрлігі өз бұйрығына тиісті өзгеріс енгізіп, енді медбикелер тікелей тамақ сапасына жауап береді. Тағы бір оң өзгеріс – бұрын Кәсіпкерлік кодексіне байланысты асханаларды тексеруде шектеу болатын, бұл мәселе де оң шешімін тауып отыр. Енді СЭС ешкімге хабарламастан тамақтануды тексеруге мүмкіндік алып отыр», - деді Бейсембаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Министр биылғы оқу жылынан бастап мектеп асханаларында тамақтанудың жаңа стандарттары енгізілетінін еске салды. Оған сәйкес, балаларға берілетін тамақта денсаулыққа зиян келтіретін қант, тұз мөлшері азаяды. Буфеттерде сатылатын нан-тоқаш өнімдері барынша алынып тасталады. Тәтті сусындарды да сатуға шектеу қойылады.
«Мұның бәрін әкімдіктер мен мектептер қатаң қадағалауы тиіс. Орындалу барысы да қатаң тексерісте болады», - деді ведомство басшысы.
Балалар бір мезгіл бой сергітеді
Тамақтанудан бөлек, министрлік сабақ уақытында балаларды сергіту мәселесіне де ерекше көңіл бөлген.
«Республикалық дене шынықтыру орталығы әзірлеген әдістеме бойынша біз биылдан бастап мектептерде аптасына бір рет сергіту, дене шынықтыру мәселесін қосқалы отырмыз. Балаларды қимыл-қозғалысқа баулу үшін осы мәселені қолға алып жатырмыз. Балалардың денсаулығына жан-жақты көмек беретін шаралардың бірі деп ойлаймын», - деді Бейсембаев.