Елімізде қосымша білім беру үшін жаңа жүйе сынақтан өтеді
Пилоттық жоба бірнеше қалада басталады

Оқу-ағарту министрлігі қосымша білімге бірыңғай мемлекеттік тапсырыс енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тамыз айынан бастап қаржыландырудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша білімге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Пилот Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында ваучерлік қаржыландыру форматында іске асады. Қазір төрт министрліктің бірлескен бұйрығы қабылданып, пилотқа қосылған өңірлерде дайындық жүргізілді. Осы тетікті 2026 жылдан бастап барлық өңірде масштабтау жоспарлануда», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
«Адал азамат» бағдарламасы
Министрлік «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын кеңейтуді көздеп отыр.
Ол үшін ата-аналар қауымдастығының тәрбие процесіндегі жауапкершілігін арттыру үшін ата-аналар комитеттері трансформацияланады және бағдарлама жекеменшік мектептерге енгізіледі.
Сондай-ақ мектептер кезең-кезең бағдарламаның құндылықтары негізінде әзірленген бірыңғай дизайн-кодқа сәйкес безендіріледі.
Бұған қоса оқушылар арасында «Заң және тәртіп» пилоттық жобасы қыркүйек айынан бастап Алматы облысында іске асырыла бастайды.