$ 539.38  629.46  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеу қашан аяқталатыны белгілі болды

Тергеуге халықаралық сарапшылар тартылған

Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеу қашан аяқталатыны белгілі болды
Фото: видеодан скриншот

Былтыр желтоқсан айында Ақтау маңында құлаған AZAL ұшағының апаты бойынша жүріп жатқан тергеудің есебі жыл соңына дейін дайын болады. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Көлік министрлігі қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр, біздің мамандар халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеу кезінде жаңа дағдыларды меңгерді. Жұмысқа әртүрлі елдерден халықаралық сарапшылар тартылған. Жабдықтардың бір бөлігі әлі де шетелде сараптамада жатыр, олар жақын арада елге қайтарылады. Талдау кезеңі аяқталуға жақын, енді түпкілікті есепті дайындау кезеңі басталады. Бірaз шыдам керек деп ойлаймын. Бірнеше айдан кейін түпкілікті есеп дайын болады,- деді вице-премьер Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Бозымбаевтың айтуынша, жолаушылар ұшағы қалай зақымданғанын анықтау үшін жарылыс-техникалық сараптама жасалып жатыр.

«Ұшаққа қалай зақым келді деген сұрақты саясиландырғым келмейді. Бұл сұрақтарға құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан жарылыс-техникалық сараптама жауап беруі керек. Менің білуімше, олар фюзеляждан табылған зақымдаушы элементтерге ұқсас қару-жарақ қолданылатын басқа елдерге сұрау жолдаған. Сондықтан шындық осы жылдың соңына дейін белгілі болады, барлық талап толығымен орындалады», - деп сендірді Бозымбаев.

Естеріңізге салайық, «Әзербайжан әуе бағыттары» әуе компаниясына тиесілі Embraer ұшағы былтыр 25 желтоқсан күні Ақтау түбінде құлады. Әуе кемесі Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бортта Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Қырғызстаннан барлығы 67 адам, соның ішінде экипаждың бес мүшесі болған. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты, 29 адам тірі қалған.

Серіктес жаңалықтары