Ақмола облысындағы ана өлімі елдегі көрсеткіштен 7 есе көп – министр
Алайда республика бойынша ана мен сәби өлімі төмендеген

Үкімет қабылдап жатқан шараларға қарамастан, еліміздің 6 облысында ана өлімі, ал бес облысында сәби өлімі әлі жоғары. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің ақпаратынша, былтыр ана өлімі 12%-ға, ал нәресте өлімінің көрсеткіші 11%-ға төмендеген. Ал биыл жарты жылдың қорытындысы бойынша ана өлімі 10%-ға, сәби өлімі 26%-ға азайды. Алайда кейбір облыстарда ана мен бала өлімі әлі тыйылмай тұр.
«Жүйелі түрде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, 6 өңірде (Ақмола, Жетісу, Жамбыл, Абай, Ақтөбе,Қостанай) ана өлімінің өскені байқалады. Ақмола облысында ең жоғары көрсеткіш, республикалық көрсеткіштен 7 есе (10,8) жоғары. Ана өлімінің негізгі себептері: ауыр экстрагенитальды аурулар - 55% және акушерлік жағдайлар – 45%. Ал Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Абай облыстарында нәресте өлімі көрсеткіші жоғары. Сәби өліміне әкеп соғатын себептердің арасында бірінші орында перинаталдық кезеңдегі жағдай (47,7%), одан кейін туа біткен ақаулар (19,6%) және тыныс алу ағзаларының аурулары (7,6%) тұр», - дейді Әлназарова Үкімет отырысында.
Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында үй жағдайында тіркелген өлім-жітім көрсеткіші республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары болған.
Осыған орай министр өңір әкімдерінен медициналық ұйымдарды бейінді мамандармен жасақтауға, біліктілігін арттыруға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жүкті аналар мен балаларды облыс орталығына жеткізетін көлік бөлуге және осал топтағы фертилдік жастағы әйелдерді контрацептивтік заттармен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді сұрады.