Жұмыспен қамту: Мамин төрт өңірді сынға алды
Шымкент, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жұмыс кешеуілдеп жатыр
Бүгін Үкімет отырысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар бойынша Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.
Үкімет басшысы жұмыспен қамту, әсіресе, қазіргі экономика мен бизнесті қалпына келтіру жағдайында басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
«Біз күрделі жағдайды бастан өткердік. Екі ай бойы төтенше жағдай мен карантин режимі сақталды. Кәсіпорындар мен бизнес жұмыс істемеді. Қазіргі таңда экономиканы қалпына келтіру үдерісі жүріп жатыр. Аталған жұмыс аясында дағдарысқа қарсы шаралар топтамасы және экономиканы жандандыруға, жұмыс орындарын сақтауға және ашуға бағытталған кешенді жоспар қабылданды. Біз азаматтарды жұмыспен, тұрақты табыспен қамтамасыз етуге, осылайша олардың әл-ауқатын жақсартуға тиіспіз. Сондықтан да жұмыспен қамту мәселесі біз үшін аса маңызды», - деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Алайда, Шымкент, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында бұл бағытта жұмыстың бәсең жүргізіліп жатқаны айтылды.
«Бұл әкімдіктердің жеткіліксіз жұмыс істеп жатқанының көрінісі, осы бағыттар бойынша шұғыл түрде шаралар қабылдау қажет. Жұмыспен қамтуды қолдаудың барлық құралдары бар, оларды белсенді қолдану қажет. Осы мәселе бойынша біз тұрақты әрі жүйелі бақылау жүргіземіз. Жарты жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту мәселесі Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады», - деді А. Мамин.