Нарықта ет неге қымбаттап кетті – министр мәселені түсіндіруге тырысты
Қазір бір келі еттің бағасы 3300 теңгеге дейін жетіп отыр
![Нарықта ет неге қымбаттап кетті – министр мәселені түсіндіруге тырысты](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/11/67aaf900aa1e9100034595.jpg)
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров нарықтағы еттің бағасы неге қымбаттап кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қуаңшылық екі жыл бұрын болды. Былтыр астық өнімді болды. Еттің бағасына астықтың қатысы жоқ. Оған Тәжікстан, Өзбекстан тарапынан артқан сұраныс себеп болып отыр. Бізде квота бойынша 80 мың бас мал бар. Олар өңірлерден сатып алып жатыр. Біздің делдалдар да оған қосылып, бағаны көтерді. Қазір нарықта баға тұрақтанды. Кеше етпен айналысатындарға өзім хабарласытым. 2700 теңгеден 3300 теңгеге дейін сатылып жатыр. Ет мүшелеріне қарай 3500 теңгеге баруы мүмкін», - дейді Сапаров.
Министрдің айтуынша, ет қанша теңгеге дейін қымбаттайтынын болжап айту қиын.
«Ол сауда орталықтарына байланысты. АШМ-ның мақсатына сауда орындарын өндіру кіреді, сауда департаменті шекті соманың қосымшасын реттеп отыруы керек. Өңірлерде келісі 2700-2800 теңге болатын еттің бағасын департамент реттеп отыр. Көтерме сауда бойынша 1100-1300 теңге болды, ал қазір екі ел белсенді сатып алу басталғанда 1500 теңгеге артты», - деді министр.