Қосымша құн салығы өскеннен кейін тауарлар қаншаға қымбаттайды: Үкімет өз болжамын айтты
Сараланған ҚҚС-дан бюджетке жыл сайын қосымша 4-5 трлн теңге түспек
![Қосымша құн салығы өскеннен кейін тауарлар қаншаға қымбаттайды: Үкімет өз болжамын айтты](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/11/67aae63ad3a7d103227109.jpeg)
Қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтергеннен кейін қосымша инфляция 3 пайызды құрауы мүмкін. Үкімет тауарлар мен қызметтер қысқа мерзімге ғана қымбаттайды деп санайды. Бұл туралы бүгін вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Салықты көтерудің ықтимал инфляциялық әсері қысқа мерзімді болатынын және бір жыл ішінде аяқталатынын атап өту қажет. Қосымша инфляция 3% мөлшерінде күтіледі», - деді Жұманғарин Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, қосымша құн салығы өскеннен кейін орталық банктер көбіне пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеді. Бұл экономикалық тұрақтандыруға ықпал етеді.
Үкімет ҚҚС жаңа мөлшерлемелерінен бюджетке 4-5 трлн теңге түсім түседі деп болжайды.
«Салық түсімдерінің өсуі жыл сайын 4-5 трлн теңгені құрайды деп күтеміз. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға, мемлекеттік борыш деңгейін төмендетуге, қосымша ресурстарды инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешенді, өңдеу өнеркәсібін және қорғанысты дамытуға көмектеседі», - деп атап өтті министр.
Жұманғарин Үкімет халықпен диалогқа дайын екенін айтты.
«Бүгіннен бастап өңірлердегі бизнес-қауымдастықтармен бірге Үкіметтің бастамаларын талқылайтын алты жұмыс тобының жұмысы басталады. Жұмыс тобы жолға шықты. Барлық ұсынысты тыңдаймыз және диалогқа дайынбыз», - деп сендірді ол.