Шекарадан 1 млрд теңгенің маскасы мен респираторын алып өтпек болғандар ұсталды
Олар ел бюджетіне 284 млн теңге залал келтірген
Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Сырым» автокөлік өткізу пунктінде жеке қорғаныс құралдарын заңсыз шығаруға әрекеттенген 15 жүк көлігі ұсталды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«1-16 мамыр аралығында бұл жүк көліктерін жеке қорғаныс құралдарын заңсыз шығаруға әрекет жасаған кезінде ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экспорттық бақылау басқармасының қызметкерлері ұстаған. Тексеріс кезінде құны 2,2 млн доллар 1 миллионнан астам жеке қорғаныс құралдары (медициналық маска, респиратор және т.б) анықталған», - делінген хабарламада.
Тасымалдаушылар (ЖШС - ред.) шекарадан өтер кезінде салық төлеуден бас тарту мақсатында жалған электрондық шот-фактуралар толтырған. Одан бөлек, тасымалданатын тауарға рұқсат құжаттары болмаған.
ЖШС-нің барлық экспорттық операцияларын қоса алғанда, ел бюджетіне 284 млн теңге залал келтірген. Заңсыз кәсіпкерлік жасағаны үшін құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу қызметіне өткізілді.