Тоқаев интернетте арандату сипатында ақпарат таратқандар үшін жаза бекітуді ұсынды
Бірақ бұл цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауы керек дейді президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп бара жатқанына алаңдады.
«Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс», - деп мәлімдеді ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, елімізде тіркелетін интернет алаяқтық фактілерінің көбі әшкереленбейді.
«Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді. Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек», - деді Тоқаев.