ЖЭО-дағы апаттар мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді – президент
Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек дейді Тоқаев
Жылу электр стансаларындағы апаттар – мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігінің көрінісі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерімен біз энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарысты еңсердік. Енді Үкімет мұндай жағдайға жол бермеуге тиіс. Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр», - дейді президент.
Оның айтуынша, энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс.
«Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл қылмыстың етек алуына негіз болады», - дейді Тоқаев.