«Таза Қазақстан» акциясына 6,2 млн адам қатысқан
Экологиялық акция аясында 1,6 млн ағаш отырғызылды

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы – елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді бағдарлама. Ол жаппай сенбілік өткізу, қоқыс жинау, аумақтарды көгалдандыру және қоғамды экологиялық ағарту сияқты ауқымды іс-шараларды қамтиды.
«Бастама аясында 2024 жылы кешенді шаралар қабылданды, нәтижесінде 2019-2023 жылдары орта есеппен 62 экологиялық акция өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 183-ке жетті. Егер өткен 5 жылда (2019-2023 ж) акцияларға 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналып, шамамен 2,5 млн жасыл желек отырғызылса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша экологиялық акцияларға 6,2 млн адам қатысып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналған, шамамен 1,6 миллион ағаш егілді», - дейді министр Үкімет отырысында.
Министрдің пікірінше, мұндай нәтиже «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жоғары деңгейде қолдау тауып, кең ауқымды және жемісті болып отырғанын көрсетеді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірлерде «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» шаралары ұйымдастырылды.