$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жұмысшы мамандықтары жылын өткізудің жоспары қаралды

Жоспар 70 қадамнан тұратын 7 негізгі бағытты қамтиды

Жұмысшы мамандықтары жылын өткізудің жоспары қаралды
Фото: Primeminister.kz

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі республикалық комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Primeminister.kz  сайтына сілтеме жасап.

Жалпы жоспар 70 қадамнан тұратын 7 негізгі бағытты қамтиды. Оның негізінде 20 аймақтық бастама белгіленді. Олардың аясында жұмысшы мамандықтарды даярлау жүйесін жетілдіру, мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру, жұмыс берушілерді ортақ іске қатыстыру секілді әрекеттер қарастырылған.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан биыл елімізде 12 ірі республикалық және халықаралық шара ұйымдастырылатынын баяндады. Олардың алғашқысы ақпан айында елордада өтпек. «EXPO» көрме орталығында «Жұмысшы мамандықтары қаласы» атты бірегей фестиваль жоспарланған. 5 күндік іс-шарада болашақ мамандықтар, инновациялық технологияларды көрсете отырып, жұмысшы мамандықтардың әлеуетін паш ету көзделген. Фестивальде экономиканың нақты секторындағы сұранысқа ие бағыттарға арналған павильондар жұмыс істемек. Оған барлық өңірдегі ірі кәсіпорындар, салалық одақтар жұмылдырылады.

Салалық министрліктің ұсынған шаралар тізбегінде Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен ІС3 халықаралық форумы, республикалық INNOVATION хакатоны, сондай-ақ, алғаш рет Ақтау қаласында TURKICSKILLS кәсіптік шеберлік чемпионаты да бар.

Сондай-ақ отырыста «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және ірі кәсіпорындардың Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жоспарлаған шаралары да ұсынылды. ERG, Allur Group компанияларының өкілдері салалық оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынасы, жұмысшыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары, алдағы уақыттағы жоспарлары туралы баяндады.

«Ең негізгі мақсат – жұмысшы мамандардың мәртебесі мен беделін көтеру екенін ұмытпаған жөн. Бұл ретте барлық мүдделі мемлекеттік органдар, жергілікті әкімдіктер, кәсіпорындар мен маман даярлайтын оқу орындарының үйлесімді жұмысы маңызды. Сондықтан жоспарда көрсетілген шаралардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Тамара Дүйсенова.

Вице-премьер жұмысшы мамандардың мәртебесі мен беделін көтеру ісі тек бір жылмен шектелмейтініне баса мән беріп, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.

Комиссияның кезекті отырыстары көшпелі форматта ай сайын өткізілмек. Онда жоспарға сәйкес атқарылған шаралар сараланып, тиісті нәтиже шығарылып отырады.

Серіктес жаңалықтары