«Өскеменде ауа сапасы өте нашар»: облыс әкімі себебін түсіндіріп берді
Оның айтуынша, қаланың экологиясына әсер етіп жатқан факторлар көп
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемен қаласының халқы лас ауадан зардап шегіп отырғанын жасырған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өскемен қаласында соңғы кездері ауаның сапасы өте нашар. Өскеменнің экологиясына географиялық, климаттық, антропогендік шарттар әсер етеді. Нақтырақ айтқанда, қала сайда орналасқанына байланысты және қыста қала маңында тұрған екі су электр станциясы дәл Ертіс өзенінде орналасқан. Қыстың өзінде ауа райы қандай аяз болса да су ешбір уақытта қатпайды. Соның әсерінен температураның өзгерісіне байланысты қала ішінде ылғал, дымқыл шыға береді. Жылына шамамен 180 күн жел болмайды, он шақты күн қолайсыз метеожағдай туғызады», - дейді Көшербаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қалада қазір мыңнан астам кәсіпорын бар, оның ішінде оны – ірі кәсіпорын. Ал жалпы облыста 70 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген.
Көшербаев автокөлік пен жер үйлердегі пештер де ауаны ластап отырғанын атап өтті.
«Біздің климатымызға қарай 365 күннің 204 күні жылу беру маусымын құрайды», - дейді ол.
Облыс басшысының айтуынша, Өскемендегі өнеркәсіптік кәсіпорындар қала шегінде орналасқан. Экология департаменті мен Қазгидромет жүргізетін мониторингке сәйкес, қалада қазір ауаны ластайтын 49 мың тонна қалдық шығады. Ең көбі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Жылу электр орталығына тиесілі. Мәселен, «Қазмырыш» 23 мың тонна, ал Өскемен ЖЭО-дан 14 мың тонна қалдық тарайды.
«Біз кәсіпорындардың эмиссиясынан шамамен 4 млрд теңге жинап отырмыз. Бұрын бұл қаражаттың есебінен қалада атмосфераны жақсарту үшін ешқандай нақты шаралар қолға алынбаған. Ал енді біз осы ақшаға ауаны жақсарту шараларын қаржыландырамыз», - деді Көшербаев.
Айта кетейік, осыған дейін Өскеменде ашулы тұрғындар ауа сапасына байланысты қала әкімдігіне «шабуыл» жасағаны туралы хабарланған болатын.