Қазақстанда мыс, алтын және күміс кен орындарын 1,5 км тереңдікте анықтайтын технология енгізіледі
Геологиялық барлауға ірі халықаралық компаниялар тартылған
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында геологиялық барлаудың озық әдістері туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, елімізде соңғы геофизикалық жұмыстар жарты ғасыр бұрын жүргізілген. Заманауи геофизикалық жұмыстар, ең алдымен, аэрогеофизикалық зерттеу - жер қойнауының құрылымы туралы сапалы ақпаратты жылдам әзірлеудің бірден-бір әдісі.
«Пилоттық жоба аясында Қазақстанның перспективалы өңірлерін, оның ішінде Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым аймағын қамту көзделіп, жаңа перспективалық аумақтар анықталады. Сонымен қатар, геологиялық деректерді цифрландыру аясында жасанды интеллекті және ақпаратты өңдеудің инновациялық әдістерін қолдану жоспарланған. Жасанды интеллект еліміздің жер қойнауы туралы ақпаратты жылдам өңдеп, деректерді тиімді талдауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Биыл мамыр айында Тау-Кен Самұрық және Ivanhoe Electric арасында бірлескен геологиялық барлау жүргізу үшін ынтымақтастық туралы келісім жасалған.
«Ivanhoe Electric геофизика бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі, компания ойлап тапқан Typhoon технологиясы арқылы мыс, алтын және күміс кен орындарын 1,5 шақырым тереңдікте зерттеу жүргізілетін болады», - деді Шарлапаев.
Ол саладағы реформалар нәтижесінде елімізге ірі халықаралық компаниялар тартылғанын атап өтті. Әлемдегі ең ірі тау-кен компанияларының үштігіне кіретін Rio Tinto Ақтөбе облысында оннан астам учаскеде барлау жүргізіп, 2 млрд теңге инвестиция құйған.
Ал әлемдегі топ-ондыққа кіретін Fortescue компаниясы Ақтөбе, Қарағанды, Абай және Жамбыл облыстарында 32 учаскеде барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлау жұмысына салған инвестициясы 4 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар, ВНР, Barrick, Teck Resources және First Quantum компаниялары халықаралық масштабтағы кен орындарын анықтау мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізуде. KIGAM Корей институты Тау-Кен Самұрықпен бірлесіп, Арал өңірінде литийдің таралуын зерттеуге кіріскен.
«Жалпы алғанда, 10 компания құйған инвестициялар көлемі шамамен 41 млрд теңгені құрайды, бұл 25 мың шаршы шақырымнан астам аумақты зерттеуді қамтамасыз етеді», - деп мәлімдеді Шарлапаев.
Бұдан бөлек сирек кездесетін металдар саласын дамыту аясында 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық ізденіс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазір Күйректікөл учаскесі перспективалы кен орнына жатады. Оның қорында лантанидтерді қоса алғанда 800 мың тоннадай сирек кездесетін жер металдары бар. Бұл қорды екі есе арттыру әлеуеті бар. Сондай-ақ, сирек кездесетін жер металдарын барлау жұмыстарын шетелдік Cove Capital және HMS Bergbau жүргізуде. Салаға инвестиция тарту мақсатында осмий мен ренийді қоспағанда, сирек кездесетін жер металдарының баланстық қоры туралы деректерді құпиясыздандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін аталған жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы.