Қазақстандықтар құмар ойынға салынып кеткен туысын құтқарып қала алады – Мәдениет министрі

Кез келген азамат жақынын құтқару үшін сотқа арыз жазса жеткілікті

Қазақстандықтар құмар ойынға салынып кеткен туысын құтқарып қала алады – Мәдениет министрі
фото: Батыржан Беспаев

Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын әзірлеген орган, яғни, Мәдениет және спорт министрлігі  құмар ойынға салынып кеткен азаматты ойыннан шектеу тетігін енгізген.

«Біз бәс тігетін азаматтар үшін өзін-өзі шектеу тетігін енгіздік. Яғни, өз-өзіне ие бола алмай, үнемі бәс тігуді әдетке айналдырған адамдар бар. Бұл әлем бойынша психикалық ауру болып есептеледі. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі де осындай шешімге келген. Сондықтан, адам құмар ойынға түсіп кеткенін түсінсе, арыз жазып, өзін-өзі шектей алады. Ол анықтаманы алған азамат кейін ешбір казиноға кіре алмайды, ешқандай ұтыс ойынына қатыса алмайды», - деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Депутаттар заң жобасын талқылау кезде бұл норманы бірауыздан қолдап қана қоймай, жаңа тетікті күшейте түсу керек деген пікір білдірді. Осылайша, депутаттардың ұсынысы бойынша Қазақстанда жақыны құмар ойынға түсіп кеткен азамат сотқа арыз жаза отырып, оны соттың шешімі деңгейінде құмар ойыннан құтқара алады.

«Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар өзін-өзі шектеу мәселені толық шеше алмайды деген ұсыныс айтты. Сондықтан, сот арқылы құмар ойынға әбден салынып кеткен адамды өздігінен шешім қабылдауға қабілетсіз деп танып, ойыннан құтқаруға болады деген норма енгіздік. Яғни, туысы сотқа арыз түсірсе, ол өздігенен шешім қабылдай алмайтын адам болып танылады», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.