Қазақстанда «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады
Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін «7-20-25» бағдарламасына ұқсас «5-10-20» атты жаңа жоба жүзеге асатынын мәлімдеді.
«Бұл мақсатқа біз дағдарысқа қарсы іс-шаралар аясында 390 млрд теңге жұмсаймыз. Осы жылы ел бойынша 15 млн шаршы метр немесе 150 мың пәтер мен үйлер салып, рекордтық көрсеткішке жету жоспарда бар. Азаматтарымыздың тұрғын үй талаптарын жақсарту бағытында жұмысты жалғастыру керек. Бұл – Үкімет жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі. Ол үшін институционалдық құрылымды модернизациялау керек», - деді Тоқаев жиналыста.
Сонымен бірге, ол Үкіметке жыл соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «үй бөлуді, тағайындауды және есеп жүргізуді» қамтамасыз ететін «Отбасы банк» атты даму мен қолдау институтын құруға тапсырма берді. Азаматтарға зейнетақы қорындағы жиналған ақшаларының бір бөлігін пайдалану мәселесі бойынша шешім қабылдану керектігін айтты.
«Мен алдында осындай тапсырма бергенмін. Бірақ төтенше жағдай режиміне байланысты созылып кетті. Шешім қабылдайтын уақыт келді. Үкімет 1 шілдеге дейін осыны нақтылауы қажет», - деді Қ.Тоқаев.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан