Коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге берілетін үстемақы тамызға дейін төленеді
Бұл міндетті орындау үшін Үкіметке 40 млрд теңге бөлінгені белгілі болды
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы тоқтаса да, күн тәртібінен түспейтін мәселелер бар екенін айтты. Соның бірі – коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген дәрігерлерге төленетін үстеме жалақы мәселесі.
«Бұл – халықтың көкейінде жүрген сұрақ. Ол туралы (дәрігерлерге үстемақы төлеуді жалғастыру туралы – авт.) Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма берген. Осыған байланысты, Үкіметке 40 млрд теңге бөлінді. Тамыз айына дейін бұл ақша денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істеп жүрген азаматтарға беріледі, осыны қаперлеріңізге салғым келеді», - деді Ералы Тоғжанов Үкіметте өткен брифингте.
Вице-премьердің айтуынша, төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 16 наурыздан бастап 18 отырыс өтіп, 500-ге жуық сұрақ қаралған.
«Бүгін мемлекеттік комиссияның жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Комиссияның қарауына 500-ге жуық сұрақ келді. Бірақ, бұл мәселелер бойынша жұмыс жалғасады. Үкімет жанынан ведомствоаралық комиссия құрылған, олар мемлекеттік комиссияда қаралған сұрақтардың бәрін қарайды», - деді Тоғжанов.
Естеріңізге сала кетейік, 11 мамырдан бастап коронавирус пандемиясына байланысты республика аумағында енгізілген төтенше жағдай режимі тоқтатылды.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан