Әлихан Смайылов коронавируспен күреске 13,5 млрд доллар бөлінгені жайлы ақпаратты жоққа шығарды
Коронавируспен күреске 350 млн доллар бөлінген
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстанның коронавируспен күреске 13,5 млрд доллар жұмсағаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсінік берді.
«Бірқатар блогерлер әлеуметтік желілерде Қазақстанның коронавируспен күреске 13,5 млрд доллар жұмсағанын айтып, індетпен күресу үшін бізден аз қаржы бөлді деп көршілес елдермен салыстырып жатыр. Айта кетейін, бұл мүлдем қате ақпарат. Коронавируспен күреске немесе індетке қарсы шараларға республикалық бюджеттен шамамен, 150 млрд теңге немесе долларға шаққанда 350 млн доллар бөлінді», - деді ол «Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру» тақырыбында өткен брифингте.
Бірінші вице-премьердің айтуынша, аталған сома дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бағытталған 5,9 трлн теңгенің ішіне кіреді. Сондай-ақ бұл қаражат жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдер, бизнесті қолдау, кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу, тұрғын үй құрылысы және басқа да мақсаттар бойынша жыл бойына жоспарланған.
«Мысалы, бизнесті жеңілдікпен несиелеуге 1 трлн теңге жұмсалады. Бұл кәсіпкерлерге төмендетілген бағамен несие түрінде берілетіндіктен, қайтарымы бар қаражат. Жол картасын жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлінген, оның 300 млрд теңгесі бюджет есебінен, қалғаны бюджеттік емес қаржылар. Бұл топқа әлеуметтік нысандардың құрылысы мен реконструкциясы, инженерлі инфрқұрылымдар, шалғай жерлерге көп қабатты үйлер тұрғызу мен қосымша 255 мыңдық жұмыс орнын қамту жатады.
Ағымдағы жылға үкімет бағыттаған қаражат әлеуметтік-экономикалық маңызға ие болып, халықты жұмыспен қамту, елдегі іскерлік белсенділікті сақтап қалуға септігін тигізбек», - деді Әлихан Смайылов.
Еске салайық, Azattyq Rýhy агенттігі коронавируспен күреске бөлінген 6 трлн теңгенің қайда жұмсалғаны жайлы жазған еді.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан