Мұғалім мәртебесін көтеруге 2,2 трлн теңге бөлінеді
Вице-премьер Әлихан Смайылов ұстаздардың жалақысын көтеру үшін қанша ақша бөлінетінін айтты
Бүгін Парламент Мәжілісі «2020 - 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын мақұлдады. Кеңейтілген отырыста баяндама жасаған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов мұғалім мәртебесін іске асыруға бағытталған заң жобасына 2020-2022 жылдар үшін 2,2 трлн теңге қаралғанын айтты.
«Тұңғыш Президенттің тапсырмасын орындау үшін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленді. Оны іске асыруға бюджетте 2,2 трлн теңге, оның ішінде 2020 жылға 90 млрд теңге көзделген», - деді ол.
Сонымен бірге вице-премьер ұстаздардың жалақысын көтеру үшін қанша ақша бөлінетінін айтты.
«Шығыстардың негізгі бөлігі мұғалімдер мен мәдени қызметкерлердің жалақысын көтеруге көзделеді. Бұл үш жылға шамамен 1,1 трлн теңге», - деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін ұстаздар жалақысы 2024 жылға дейін 2 есеге жоғарылайтыны, ол 500 мың білім беру қызметкерлерінің жағдайын жақсартатыны айтылған. Ал еңбек демалысы 42-ден 56 күнге көбеймек.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан