$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.10.2019, 12:29
Үкімет

Ақша түседі де, жоқ болып кетеді - Н.Нығматулин «ҚазАгро» холдингін Бермуд үшбұрышына теңеді

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Ауыл шаруашылығы министрін «ҚазАгро» холдингі үшін тағы бір «сілкіп» алды

Ақша түседі де, жоқ болып кетеді - Н.Нығматулин «ҚазАгро» холдингін Бермуд үшбұрышына теңеді
Фото: ашық дерек көзінен

«Осы ҚазАгро арқылы ауыл шаруашылығына жүздеген миллиард жұмсалды. Соңғы 5 жылда компания капиталы 500 млрд-қа толықты. Тек 2018 жылдың өзінде 400 млрд шығын келтірді. "ҚазАгро" деген өзі бір жұмбақ құрылым болды. Тура Бермуд үштағаны сияқты, ақша түседі де жоғалып кетеді», - деп ашуланды Мәжіліс төрағасы.

Жиынға қатысып отырған «ҚазАгро Холдинг»  АҚ Басқарма төрағасы шығындарды компания құрылымын қайта қарау арқылы өтейтінін айтты.

«Бізде барлығы шамамен 700 инвестициялық жоба бар, оның біразы проблемалық. Президент тапсырмасына сәйкес шығындарды қысқартып жатырмыз. Келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін қызметкерлер 1000 адамға азаяды. Басқару жүйесін өзгертіп, директорлар кеңесіне тәуелсіз сарапшылар шақырылады. 10-15 жылда келтірілген шығынды жабамыз», - деді ол.

Бұған дейін  ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров холдинг құрамындағы 7 компанияның  3-еуі жабылатынын мәлімдеген еді. Нақтырақ айтқанда, екеуі толық жабылып, «Казагрогарант» компаниясы «Агрокредит корпорациясымен» бірігетін болған. Ал 1100 қызметкерді жұмыстан қысқарту арқылы 3,2 млрд теңге үнемдейміз деген.

Еске салайық, шілде айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАгро» басшылығын сынап, түгел реформа жасауға тапсырма берген.

«Холдингтің жиналып қалған шығындары 2018 жылдың қорытындысы бойынша 120 миллиард теңгеге жетті. Қаржыландырылған 672 жобаның 270-і, яғни 40%-ы жүзеге аспай тұрып қалған. Бұл жерде басқа сөз артық. Компанияға толық реформа қажет», - деген мемлекет басшысы.

Ақпарат үшін:

«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» 2006 жылы ауыл өнеркәсібі кешенін қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін құрылған. Ол ауыл шаруашылығындағы стратегиялық жобалардың жалғыз операторы.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары