Президент атынан 100 ауылға көркем әдебиеттер табысталды
10 мың кітап сыйға берілді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Қазақстанның 100 ауылының кітапханаларына көркем әдебиеттер сыйға тартылды. Президент тартуы «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы аясында табыс етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қазақстанда «кітап оқитын ұлтты» қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударған.
«Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бастамасы отандық және әлемдік әдебиеттің соңғы үлгідегі туындыларын шалғайдағы ауыл кітапханаларына жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталып отыр.
Кітаптар Мемлекет басшысының атынан еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, соғыс ардагерлерінің, белгілі қаламгерлер мен мәдениет майталмандарының, ғалымдардың туып-өскен ауылдарына жолданды.
Акция аясында Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің, қазақтың қаһарман қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәмбетова, Хиуаз Доспанованың, талантты актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың, көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің, жазушы Герольд Бельгердің туып-өскен ауылдарындағы кітапхана қорлары толықты. Сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов, Қасым Аманжолов, Кемел Ақышов, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Әбілхан Қастеев, Біржан сал, Сәкен Сейфуллин, Төлеу Көбдіков, Кенен Әзірбаев секілді белгілі тұлғалардың және басқа да бірқатар ауылдарға кітаптар топтамасы жолданды.
Ауыл кітапханаларына берілген кітаптар арасында әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармалары, балалар әдебиетінің жауһарлары, комикстер, қазіргі заманғы проза мен поэзия, тарихи, танымдық-ағартушылық әдебиеттер бар. Мемлекет басшысының атынан барлығы 100 ауылға 10 мың кітап сыйға берілді.
«Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» акциясына Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, министрлер, түрлі ұйымдардың басшылары мен белсенді азаматтар қолдау көрсетуде.
Акция әлі жалғасуда.