Отарда сарбазды комаға жеткізген әскери қызметшіге қатысты тергеу жүріп жатыр – Қорғаныс министрлігі
Бұл жағдайға президенттің өзі араласқан еді
Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин Отарда әскерде әлімжеттік көріп, комаға түскен 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпаттың мәселесі жайлы Орталық колммуникациялық қызметінде өткен брифингте айтты,деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Қазір сарбаз Алматыдағы клиникалық госпитальде жатыр. Оған қажет барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Әскери дәрігерлер мен өзге мамандар күн сайын оны бақылап, емдеп жатыр. Қазір оның жағдайы тұрақты ауыр болғанымен, жағдайы жақсарып келеді. Бұл жағдайда қызметін асыра пайдаланған әскери қызметшіге қатысты тергеу жүріп жатыр. Ол - келісімшарт бойынша қызмет еткен әскери қызметші. Өзге ақпарат тергеуге қатысты жария етілмейді», - дейді Руслан Жангулин.
Еске салсақ, Жамбыл облысында әскерде жүргенде комаға түскен 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпаттаның анасы Жанна Жаналина әлеуметтік желіде президентке үндеу жариялап, көмек сұраған.
Жаналина ұлының ес-түссіз, арнайы аппаратпен тыныс алып жатқанын, жағдайы қиын екенін айтты. Мұнан соң президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеумен танысқанын, оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеуді және кінәлі адамдарды жазалауды талап еткенін хабарлады. Кейін сарбаз комадан оянып, есін жиды.
Нұржігіт әскерге өткен мамырда ғана алынған. Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген.